• aksu.oo@pavlodar.gov.kz
  • 140100, Ақсу қаласы, Строителей көшесі, 14б
  • 8 (71837) 51212

«Жас ұстаз – жарқын болашақтың бастауы» Республикалық жас ұстаздардың жазғы лагері

02.07.19

2019 жылдың 24-27 маусым аралығында Жер жәннаты Жетісу өңірінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жастар кеңесінің бастамасымен «Жас ұстаз – жарқын болашақтың бастауы» атты республикалық жазғы лагерь ұйымдастырылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас ұстаздар Алматы облысының табиғатының сұлулығымен таныстық. Бірінші күні бәрімізге әйгілі «Алтын адам» табылған Есік қаласына жол тарттық, тарихи мұражайын тамашаладық. Әлем бойынша үлкен шатқалдардың бірі «Шарын» шатқалында болдық. Осындай шатқал тек біздің Қазақстанда және Америкада бар екені таңқалдырды. Мұндай әсемдікті тек көру керек. Сонымен қатар, Алтынемел аумағындағы Ш.Уәлихановтың мемлекеттік  мемориалдық музейімен және жергілікті сұлу табиғаттың көрінісін көрдік. Шанханай ауылында жерленген Шоқан Уәлихановтың жатқан жеріне, оның ескерткішіне барып, дұға бағыштай отырып, тағзым еттік.

Текеліқаласындағы «Тау – Жетісу» алқабына көтеріліп, әсем табиғаттың куәсі болдық. Бойымызға рухани байлық дарытып, шексіз әсерге ие болдық. Таудың үстінде кешкі ас берілді, құдды бір тойға келгендей, асаба, әншілерімен қарсы алды. Қонақжайлылықтарына бас идім! Кешкі астың құрметті қонағы «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері «Тайлақ», Әлімғазы Райымбеков атамызбен танысып батасын алдық. Кинода көрген бір бөлек, өмірде көрген бір бөлек. Ұлы тұлғаның қасында тұрғанның өзі бір бақыт!

Лагерьдің басты мақсаты жас ұстаздарға тиімді, әрі сапалы білім ұсыну. Семинар – тренингтер басталмас бұрын Салалық кәсіподақ төрайымының орынбасары А.М. Мұқашева жас ұстаздармен кәсіподақ туралы жалпы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ жазғы лагерь аясында Психолог-тренер Ш.И. Оразбаева «Тиімділігі жоғары кәсіподақ көшбасшыларының дағдылары: жастар және заманауи басқарудың әдістері». Салалық кәсіподақ ұйымының заңгері Р.М. Қыдырбаева «Мен білуге тиістімін! Еңбек заңнамасы саласында құқықтық мәдениетті арттыру». Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара жұмыс жасау: әлеуметтік желілермен жұмыс жасаудың негізгі әдістері» атты пайдалы семинарлармен тренингтер өткізілді. Алған біліміміз терең, көрсеткен тәжірибесін өз өңіріміздің кәсіподақ жастары арасында қолданатын боламыз! Жақында ғана қайғылы орын алған Арыс тұрғындарына жастар атынан, Салалық кәсіподақ атынан Үндеу қабылдадық.

Тренингтер соңында Салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы М.Т Амантаевамен сұхбат өткіздік. Майра Тұрғанқызы өзінің өмірбаянымен, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Жастарға сенім білдіріп, болашағын ойлап, осындай іс-шараның өтуінің ұйытқысы болған Майра Тұрғанқызы, әйел заты болғанымен, істеген ісі ер азаматқа тән. Міне нағыз тұлға! Кездесу соңында әр қатысушы ұстазға «Өмір өткелдері» кітабын сыйлыққа тарту етті және әр кітапқа өз тілегін жазып ұсынды.

Текелі қаласының әкімі Б.А. Өнербаев жас ұстаздарды кешкі серуен Қаратал өзенінің жағасына шақырып, қаланың тарихымен таныстырып, аспапта ойнап, ән шырқап берді. Ортаға от жағып, жалындаған жастарда өз өнерлерін ортаға салды. Биік таудың үстінде көңіл көтеріп, естелік суреттерге түстік. Шынайы сәттердің шат күлкісіне не жетсін! Сондай-ақ Талдықорған қаласына  барып, шаhардың әдемі де көрікті жерлерімен, Жастар орталығымен, оқушылар сарайымен, жастар саябағымен таныстық. Шара соңында Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы С.Н. Әбдіқадыров барлық қатысушылар мен қонақтарға алғысын айтып, сыйлықтар сыйлады. Лагерьдің жабылу салтанатында әр қатысушы ұстаздарға сертификаттар табысталды, белсенді жастар Салалық кәсіподақтың Алғыс хатымен марапатталдық.

Бұл ауқымды іс-шараның бізге берері мол! Сапалы біліммен үлкен тәжірибе жинадық! Жер жәннаты Жетісудың әсем табиғатын көрдік, жан жақтан келген жас ұстаздармен таныстық. Достығымыз нығайа берсін!  Мұғалім мүддесін қорғап жүрген Кәсіподақ ұйымына алғысымыз шексіз! Павлодар облысы Кәсіподақ ұйымы жастары атынан осы шараны ұйымдастырған Алматы олыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының басшыларына ризашылығымызды білдіреміз!