• aksu.oo@pavlodar.gov.kz
  • 140100, Ақсу қаласы, Строителей көшесі, 14б
  • 8 (71837) 51212

Болашаққа бірге қадам жасаймыз!

22.11.17

Елбасымыз «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткен рухани жаңғыру, бәсекелестік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау сияқты өзекті мәселелер білім ошақтарында және жастар арасында белсенді жүзеге асуда. Соның дәлелі ретінде Тұңғыш Президент күніне орай және Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Ақсу қаласында 17 қараша күні алғаш рет білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық жастар форумы өтті. Аталмыш форум Ақсу қаласы білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Рүстем Жауаш Күткенқызының және Ақсу қаласының жастар кеңесі бастамасымен ұйымдастырылды. Форум линиялық сессия форматында және үш блокта жүргізілді. Мемлекеттік басқарудағы жас менеджерлер, форумға жиналған жастар мен кәсіподақ көшбасшылары өзара сұхбатқа түсіп, жастардың қоғамдағы орны мен қызметі талқыланды. Ақсу қаласының әкімінің орынбасары Тамара Витальевна Ильина белсенді жастарды айтулы іс-шарамен құттықтап, форум шымылдығын ашып берді.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ-нің төрайымы – Наурызбаева Гульбарам Ауезханқызы, жарқын болашақта пайдалы болатын 10 қажетті дағдыларды айтты. Атап өтетін болсақ: мән беру, әлеуметтік интеллект, шығармашылық ой, мәдениетаралық құзыреттілік, компьютерлік ойлау, жаңа медиа саласындағы сауаттылық, трансдисциплинарлық, жобалық ойлау, когнитивтік басқару және виртуалды ынтымақтастық қазіргі жастардың бойында болу керектігін баса айтты.

Коммуникативтік қасиеттерді дамыту, жастардың қызығушылығын арттыру, жастар ішінен көшбасшы қалай шығару керектігін – республикалық тренерлер пулының спикері Еркебұлан Күнтуған түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие және жастар саясаты басқармасының маманы Алмас Кенжеғалин, өзімен бірге «Серпін» және «Foundation» бағдарламасымен оқып жүрген студенттермен келіп, өз ойларымен бөлісті.
Облысымызда екі жыл қатарынан жас педагогтар үшін лагерьлер өткізілді. Жастар үшін бұл – үлкен мәртебе. Бүгінде екі тізгінді қатар ұстап келе жатқан, яғни Республикалық жастар кеңесі төрағасының орынбасары, әрі Облыстық жастар кеңесінің төрағасы Ернар Иманбаев «Тәрбие және білім» тақырыбында сөз қозғап, облыс және республика деңгейінде кәсіподақ тарапынан болашаққа қойылған бағыт-бағдармен таныстырды. Бұл форумның табысты да нәтижелі өтуіне Ернар ағамыз зор үлес қосты.

 

Барлық форум қатысушылары қойылған талаптар мен міндеттерді орындаудағы жастардың, нақтырақ айтқанда жас педагогтардың алар орны мен рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.
Ақсу қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Теміржанұлы Смағұлов шараға деген көзқарасын білдіріп, оң бағасын берді. Белсенді әрі ниеттес жастардың игі бастамаларын қолдайтынын айтып, жүйелі қорытынды жасады.
Тарихты біліп қана қоймай, оны терең түсініп, ата-бабаларымыздың рухына тағзым ету қазіргі таңда жастарға керек дүние. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақсаты анық бағдарламасы, еліміздегі көптеген осындай игі шаралардың бастамасы, үлкен жетістіктерге жеткізері анық. Жастардың рухани бай болуына, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Болашаққа сенімді қадам басуға серпін берген форум кәсіподақ жастары әнұранымен аяқталды.

Пікірлер:
Рысгуль: Қойылған сұрақтардың барлығына жауап алдық. Бір түсінгенім, қандай жағдай болмасын, жастардың ойлаған мақсатқа жетуіне, армандарының орындалуына үлкен мүмкіндіктер бар екендігіне көзім жетті.
Мақпал: Форум өте жоғары деңгейде өтті. Маған өте қатты ұнады. Осы форумнан ерекше әсер алдым. Өте ауқымды және қызықты тақырыпта өтті. Менің ұсынысым: келесі форумда жас мамандардың қатысуымен өз пікірлерін алып, тәжірибе алмасса жақсы болар еді.
Салтанат: Қазіргі таңда талқылауға ие болып жатқан түсініктердің бірі «Рухани жаңғыру» ұғымы. Форумның алға қойған бағыты – жас мамандардың әрі қарай білім сатысында биікке өрлеп, жоғары шыңына шығуы. Сонымен қатар елін қастерлеп, дінін, салт-дәстүрін сақтап соны өмір жолында қолдануы. Тәрбие көзі - тарихымызда демекші, осы тарихи сананы және дүниетанымды қалыптастыру саясаты аясында болған бұл форумның жастарға берері мол.

Әмина Алдамұратова
Ақсу қаласы
№2 жалпы орта білім беру мектебінің
Музыка пәні мұғалімі
Ақсу қаласы жастар кеңесінің мүшесі